«Қонақжай отбасы» жобасы аясында қатысушы балалар аймақтың көркем табиғаты мен тарихи маңызды орындарына танымдық экскурсия жасап қайтты.
Экскурсия барысында қатысушылар Майемер ауылына да аялдап, елді мекеннің тарихымен, тұрғындарының салт-дәстүрлерімен және мәдени мұрасымен жақынырақ танысты.
Экскурсияның басты бағыттарының бірі – көркем Бұқтырма су қоймасы болды. Балалар «Приморское» демалыс орталығына барып, табиғаттың сұлулығына тамсанып, су жағасында демалып, табиғат аясында серуен құрды.
Экскурсияда 1960 жылдары әйгілі «Мәскеу» және «Октябрь» әдеби журналдарында жұмыс істеген әйгілі кеңес жазушысы Николай Алексеевич Горбачевтің шығармашылығымен танысуға ерекше назар аударылды. Оның «Белые воды», «Возвращение», «Время ураганов» және басқа да шығармалары сол кездегі әдебиетте айтарлықтай із қалдырғанына көз жеткізді. Жазушы Бүкілодақтық орталық кәсіподақтар кеңесі мен КСРО Жазушылар Одағы сыйлығымен марапатталған, ал алынған қаражат Балғын ауылында мектеп салуға жұмсалған. Экскурсия Балғын ауылындағы шағын әк тас зауытына барумен жалғасты. Мұнда балалар өндіріс үдерісін, шикізатты өндіру мен өңдеудің қыр-сырын көріп, бұл кәсіптің жергілікті экономикадағы рөлі туралы қызықты ақпараттар алды.
Экскурсия соңында балалар Үлкен Нарын ауылындағы аудандық өлкетану мұражайын, туристік орталықты және Достық үйін аралады. Экскурсия қатысушыларға жарқын әсер қалдырып, олардың дүниетанымын кеңейтіп, туған өлке тарихына деген қызығушылықтарын арттыруға сөзсіз ықпал етті.