«Қонақжай отбасы» жобасы аясында қатысушылар үшін Катонқарағай ауданы аумағындағы Медведовка орманшылығына танымдық экскурсия ұйымдастырылды. Іс-шараның мақсаты — балаларға туған өлкенің табиғи байлығын таныстыру, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және отансүйгіштікке тәрбиелеу.
Қонақтарды орман шеберлері жылы жүзбен қарсы алып, орман шаруашылығының ерекшеліктері мен өздерінің күнделікті жұмысы жайлы жан-жақты айтып берді. Балалар орманды қорғау, ағаш отырғызу мен жануарлар дүниесін сақтау мәселелері туралы тың мәліметтер алып, өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды.
Экскурсияның ерекше әсер қалдырған сәттерінің бірі — атпен серуендеу болды. Қатысушылар аттарға мініп, жылқышылардың жұмысымен танысты. Бұл тәжірибе балалар үшін қуаныш пен шабытқа толы әсер қалдырды.
Саяхат барысында балалар әсем Катонқарағай өңірінде орналасқан «Баян» панто-емдеу орталығы атты заманауи сауықтыру кешеніне де барды. Кешен бұғы мүйізі (панта), шөп медицинасы және қымыз арқылы емдеуге негізделген. Экскурсия барысында балалар табиғи емдеу әдістері, емдік шикізат көздері және панта өнімдерінің пайдалы қасиеттері туралы маңызды ақпарат алды.
Танымдық саяхат балаларға жаңа білім, ұмытылмас әсер мен табиғатқа деген сүйіспеншілік сыйлады. Іс-шара жобаның ең жарқын және мазмұнды күндерінің бірі ретінде есте қалды.