Шығыс Қазақстан облысының 7 мектебінде жасанды интеллектке және ойын жасауға үйрету бойынша пилоттық жоба іске асырылуда.




Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында халықаралық Astana Hub технопаркінің базасында Қазақстан Республикасының мектеп оқушылары арасында цифрлық құзыреттерді дамытуға бағытталған ауқымды білім беру онлайн-платформасы іске қосылды.
Сонымен қатар 300 педагогты «Жасанды интеллект» (AI) және «Ойындарды әзірлеу» (Game Development) бағыттары бойынша оқытуға арналған пилоттық жоба басталды.
Алғашқы қатысушылардың қатарында Шығыс Қазақстан облысының жеті білім беру ұйымы бар, олардың педагогтары edu.astanahub.com платформасында қашықтықтан оқытудан сәтті өтті. 2025 жылғы қаңтар айынан бастап олар 10-сынып оқушылары арасында курстарды іске асыруға кірісті.
Жоба аясында барлығы 319 оқушы қамтылды, олардың 143-і AI бағыты бойынша, ал 176-сы ойын жасау бағыты бойынша оқуда.
Цифрлық пәндерді тұрақты және жүйелі енгізуді қамтамасыз ету мақсатында мектептердің жұмыс оқу жоспарларына «Жасанды интеллектке және үлкен деректерге кіріспе» және «Ойындарды әзірлеудің негіздері» курстары вариативті компоненттің қосымша сағаттарымен ресми түрде енгізілді.
Курстар пәнаралық сипатқа ие болды, олардың құрамында бағдарламалау, цифрлық дизайн, анимация, пайдаланушы психологиясы, жобаларды басқару және кәсіпкерліктің негіздері элементтері қамтылды.
Бұл оқушыларға тек технологияларды меңгеріп қана қоймай, сыни және креативті ойлау қабілеттерін, сондай-ақ командалық жұмыс дағдыларын дамытуға мүмкіндік берді.