2026 жылғы 26 маусым – 2 шілде аралығында Қытай Халық Республикасының Үрімші қаласындағы Шыңжаң педагогикалық университетінде «Жасанды интеллект технологияларын білім беру жүйесінде қолдану» тақырыбында халықаралық семинар өтті. Іс-шара Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі мен Қытай Халық Республикасы Білім министрлігінің бірлескен ұйымдастыруымен Қазақстанның орта білім беру ұйымдарының педагогтеріне арналған біліктілікті арттыру бағдарламасы аясында өткізілді.
Халықаралық семинарға Шығыс Қазақстан облысынан «Келешек мектептері» жобасына қатысушы білім беру ұйымдарының басшылары қатысты:
- Чамакаева Әсем Хамитқызы – Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасы Өскемен қаласы бойынша білім бөлімінің «№40 жалпы орта білім беретін мектебі» КММ директоры;
- Кенчимбаева Мархаббат Кемельханқызы – Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасы Глубокое ауданы бойынша білім бөлімінің «№2 Белоусовка жалпы білім беретін мектебі» КММ директоры.
Семинар бағдарламасы білім беру жүйесін цифрлық трансформациялау және жасанды интеллект технологияларын енгізудің халықаралық тәжірибесін зерделеуге арналды. Қатысушылар Smart School моделін дамыту, цифрлық білім беру экожүйесін қалыптастыру, білім беруді дербестендіру, жасанды интеллект негізіндегі бағалау жүйелері, білім беру аналитикасы және педагогтердің цифрлық құзыреттілігін дамыту бағыттары бойынша тәжірибе алмасты.
Семинар барысында Қазақстан Республикасы делегациясының атынан Кенчимбаева Мархаббат Кемельханқызы «Қытай Халық Республикасының білім беру жүйесінде жасанды интеллектті енгізу тәжірибесі: Қазақстанның білім беру жүйесін дамытудың үрдістері, тәжірибесі және перспективалары» тақырыбында баяндама жасап, Қытайдың білім беру жүйесіндегі озық тәжірибелерді таныстырды және оларды Қазақстанның білім беру жүйесінде қолданудың негізгі бағыттары мен даму перспективаларына тоқталды.
Халықаралық тағылымдама барысында жинақталған тәжірибе мен инновациялық шешімдер Шығыс Қазақстан облысының білім беру ұйымдарының оқу-тәрбие үдерісін жетілдіруге, цифрлық білім беру ортасын дамытуға және білім сапасын арттыруға бағытталатын болады.




