

2026 жылғы 9 қарашада ШҚО білім басқармасының «Örken» ғылыми-әдістемелік орталығы мен Ұлан ауданының Р. Мәрсеков атындағы орта мектебінің ұйымдастыруымен бастауыш сынып мұғалімдері мен мектепалды даярлық сынып тәрбиешілеріне арналған «Жасанды интеллект пен инновациялық технологияларды тиімді пайдалану арқылы білім беру сапасын арттыру» атты облыстық семинар-практикум жоғары деңгейде өтті.
Шараның мақсаты — педагогтердің жасанды интеллект (AI) құралдары мен заманауи цифрлық ресурстарды оқу үдерісіне тиімді енгізу бойынша кәсіби құзыреттілігін арттыру және озық тәжірибе алмасу болды. Семинар жұмысына облыс мектептерінен 50 педагогі қатысты.
Семинар бағдарламасы аясында қатысушылар келесі бағыттар бойынша маңызды тәжірибе жинақтады:
• Жобалар көрмесі: Бастауыш және мектепалды сынып педагогтерінің шығармашылық жұмыстары мен цифрлық шешімдері таныстырылды.
• Ашық сабақтар: Мектепалды даярлықтан бастап 4-сыныпқа дейінгі аралықта математика, жаратылыстану және әдебиеттік оқу пәндерінен қазақ және орыс тілдерінде озық үлгідегі ашық сабақтар көрсетілді.
• Әдістемелік қолдау: Ұстаз К.Ж. Құнанбаеваның сабақ жоспарлары негізінде әзірленген жаңа әдістемелік құралдың тұсаукесері жасалды.
• Практикалық шеберлік сабақтары (Коучинг және AI Cafe): Мұғалімдер жасанды интеллект көмегімен сабақтарды цифрландыру, SMART-дәптерлер әзірлеу, оқушылардың ынтасын арттыру және сараланған тапсырмалар құрастыру жолдарын тәжірибеде қолданып көрді.
• Зияткерлік ойын: Қатысушылар Quiz ойыны арқылы алған білімдерін бекітіп, өзара кәсіби ынтымақтастықты нығайтты.
Семинар соңында ШҚО ББ «Örken» орталығының кабинет басшысы С.К. Касенова мен Р. Мәрсеков атындағы орта мектеп директоры Н.А. Ахметова шараны қорытындылап, қатысушыларға кері байланыс берді. Педагогтер жасанды интеллект құралдарын сабақта қауіпсіз, этикалық және тиімді қолданудың нақты дағдыларын меңгеріп, маңызды әдістемелік қор жинақтады.